🇰🇿ҚҰРАН ТІЛІН ҮЙРЕНУШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚҰНДЫ КІТАП ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

🔰Қасиетті Рамазанның берекелі жұмасында Нұр-Мүбарак университетінде құнды еңбектің тұсауы кесілді. «Үшқоңыр» медресе-колледжінде ұстаздық ететін Бекболат Бердімұратұлының әлемдік тілдер қатарындағы әрі Құран тілі – араб тілі морфологиясы жайлы еңбегі «Сарф ілімі» деп аталады. Оның өте құнды еңбек екенін алға тартқан ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат авторға ризашылығын білдірді. Себебі бұл университет үшін де құнды еңбек деп баға берді.

Отандық араб тілі ғылымы саласында орны бар профессор Дина Есенжан оң пікірін білдіріп, профессор Шамшәдин Керім Бекболат Бердімұратұлының университетте білім алған кезі мен еңбек жолына шолу жасай келе, қазақ даласындағы араб тілінің тарихына да тоқталды. Доцент Әли Әлмұхаметов, филол.ғ.к. Рашит Мұхитдинов сөз сөйлеп, НМУ Ғылым және инновация департаментінің директоры PhD доктор Ықтияр Палтөре жаңа оқулықты пысықтайтын тұстарына тоқталды.
✅Тұсаукесерде осы кезге дейін студенттерге араб тілін үйрететін оқу құралы жоқтың қасы болғаны да айтылды. Ал жарыққа шыққан «Сарф ілімі» білім мен тәжірибені ұштастырған, тіл үйренушілермен қатар исламтанушылар үшін аса құнды болмақ. Автор студенттерге дәріс беру барысында жинақтаған тәжірибесіне сай кітапты 5 жылдай әзірлеген. Әрі Орта Азияда қалыптасқан методика жүйесін сақтай отырып, жаңа тәсілдерді де қамтыған.
✅Енді араб тілін үйренушілер жаңа еңбек арқылы оның морфологиялық құрылым негіздерін, нормаларын басшылыққа ала отырып, араб тілі ерекшеліктерін жүйелі түрде үйрене алады. Морфологиялық тақырыптармен бірге, танымдық бағыттарды қалыптастыратын, тілдік құзіреттілікті дамытуға қатысты мәліметтер берілген. Оқылым, айтылым және жазылым арқылы да сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға негізделген.
Осылайша «Нұр-Мүбарак» баспасынан шыққан жаңа еңбек жан-жақты таныстырылып, ғалымдардың батасымен көпшілікке жол тартты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *