✅Құрметті ОТАНДАСТАР!
Баршаңызды күллі мұсылманның асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны — қасиетті Рамазанның келуімен шын жүректен құттықтаймыз!
Әр шаңыраққа амандық, бірлік пен бақ-береке, қуаныш шаттық нәсіп еткей!

Рамазан айының қадір-қасиетін бағалаған ізгілер оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп тілеген. Бұл қасиетті айдың қадірін білдіреді. Сауаптар еселенетін айда қайырымдылық жасап, ауызашар беріп, мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, көпшіліктің алғысы мен батасын алуға тырысады. Оразада ізгі ниетпен атқарылатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әлемге нұр болып, ақ пен қараның айырмасын ажырату үшін жіберілген Қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Әрбір балиғатқа келген, ақыл-есі бүтін мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына шариғатымыз рұқсат береді.

✅Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген.
Рамазанда ораза тұтқан мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін күнәдан қорғап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін әдеппен орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды салиқалыққа үйрететін ай.
Ғасырлар бойы Ислам дінін рухани тірекке айналдырған халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күткендей, біз де игі дәстүрді жалғастыруға мүдделіміз.
Қазіргі жаһандану заманында адами құндылықтар мен имандылыққа ұйытқы болатын қасиетті де береке айын бірлік пен ынтымақта өткізу нәсіп болғай🤲!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *