УСАМА САЙД МАХМУД ӘЛ-АЗҺАРИ: СІЗДЕРДІ ЕРЕКШЕ ЖАҚСЫ КӨРІП ҚАЛДЫМ
✅Елімізге, нақтырақ айтқанда, Орта Азияға алғаш рет аяқ басқан мысырлық танымал ғалым, 300-ден аса ижаза игері, профессор Усама Сайд Махмуд әл-Азһаридің лебізі көпшілікті тебірентті. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Нұр-Мүбарак университетіне келіп, дәріс оқыған ғұлама ғалымның халықаралық деңгейдегі абыройы өз алдына. Заманымыздың заңғар ғалымын үш күн бойы ұйып тыңдаған шәкірттер ғана емес, арнайы ат арытып еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер де баршылық.
✅«Университетті тәмамдау – ғалым болдым деген сөз емес. Күнделікті дәріске дейінгі және кейінгі білімге деген қарым-қатынасың өте маңызды. Университет – ілімнің басы ғана, кілті деуге болады. Негізгі бағыт-бағдарың. Ал ары қарай оқып, іздену үздіксіз жалғасып отыру қажет»,-деп насихат айтқан ғалым білімнің көкейге қонуына ерекше мән беретіндігін байқатты. Шәкірттер де ғалымның дәрісін ғана емес, өзін ұстауы, сөйлеу мәдениеті, қарапайымдылығына тәнті болып, батасын алып, естелік суретке түсуге ұмтылды.
✅Білім алушыларға осындай жағдай жасаған Нұр-Мүбарак университеті басшылығына алғысын білдірген мәртебелі мейман профессор Усама Сайд Махмуд әл-Азһари Қазақстаннан алған әсері жайлы: Баршаларыңызға алғысым шексіз. Сіздерден жомарттық пен шынайылықты байқадым әрі сезіндім. Сіздерді ерекше жақсы көріп қалдым. Біз ежелден бір-бірімізге бір туған бауырдай екенімізді сезіндім. Алла қаласа, алдағы уақытта жолығу нәсіп болсын,-деп үмітке толы ыстық ықыласын білдірді.
✅Айта кетейік, тәпсір, хадис, усул әл-Фиқһ, мантық, грамматика салалары бойынша Мысыр, Шам өлкесі, Йемен, Марокко ғалымдарынан дәріс алған әл-Азһар университетінің профессоры Усама Сайд Махмуд әл-Азһари бүгінде ЕАР Президентінің діни кеңесшісі. Зейіні мен зиялылығы арқылы замандастарын тәнті еткен ғалымның шәкірттері енді Орта Азияда да арта түсуі әбден мүмкін.




