Болашақта Алматы қаласында Салман патша атындағы араб тілі академиясының орталығы ашылуы мүмкін. Бұл туралы Сауд Арабиясындағы Салман патша атындағы Араб тілі академиясының орталықтар мен бағдарламалар бөлімінің басшысы Али Ахмад хабарлады. Қазақстанға арнайы іссапармен келген қадірлі қонақты Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат пен проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев арнайы қабылдап, университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Мыңжылдық тарихы бар әл-Азһар университеті мен Мысырдың озық жоғары оқу орындарының 20-дан астам ғалымдары дәріс беретін оқу орны саудиялық мейманды тәнті етті. Себебі шейх Али Ахмадтың да басты мақсаты – алдағы уақытта Алматы қаласында Салман патша атындағы Араб тілі академиясының орталығын ашу үшін әріптестікке лайық жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерімен танысу.
Нұр-Мүбарак университетімен қатар Салман патша атындағы араб тілі академиясының өкілі еліміздегі іргелі жоғары білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне де ат басын тіреген. Бұл жайлы НМУ Ғылым және инновация департаментінің директоры, шығыстанушы-арабист ғалым Ықтияр Палтөре хабарлады.
Әрине, қасиетті Құран тілі әрі ғылым тілі саналатын араб тілін үйретуші жаңа орталықтың қашан ашылып және қандай болары уақыт еншісінде.




