✅Бүгін Нұр-Мүбарак университетіне Дүниежүзілік Ислам Лигасы (ДИЛ) Бас хатшысының Халықаралық істер жөніндегі өкілі Әбдел Әзиз бен Ахмад Сархан мырза арнайы зиярат жасады. Мәртебелі меймандарды университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат пен проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев қарсы алды.

✅Жылы жүздесу барысында Нұр-Мүбарак университетінің тыныс-тіршілігімен және даму үдерісімен жан-жақты танысқан қонақтар ислами жоғары білім ордасының аяқ алысына ризалықтарын білдірді.

Әбдел Әзиз бен Ахмад Сархан мырза алдағы мамыр айында Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы шейх, доктор Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Иссам мырзаның Қазақстанға келу жоспары барын хабарлады.

✅Осы орайда өткен айда Сауд Арабиясында іс-сапарда болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысын Қазақстанға шақырғандығын айтып: «Құрметті Бас хатшы бұл ұсынысымды қолдайтынын жеткізіп, игі ниетін білдірді», – деген болатын. ДИЛ Бас хатшысының Халықаралық істер жөніндегі өкілінің бұл келісі де Бас мүфтидің ұсынысын қабыл алған Бас хатшының болашақ ресми сапары бойынша болып отыр.

Нұр-Мүбарак университетінің оқу кешенімен танысқан мәртебелі қонақтар университеттің даму мүмкіндіктеріне сенім білдірді. Атап өтетін тағы бір жағдай, ДИЛ Бас хатшысы шейх, доктор Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Иссамның Қазақстанға сапары барысында Нұр-Мүбарак университетіне де арнайы ат басын тіреу жоспары айтылды.

Тараптар кездесу соңында өзара ынтымақтастықты арттыру, Ислам әлеміндегі білім мен ғылым саласын дамыту бағытында үлес қосуға ниет білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *