Нұр-Мүбарак университеті ұжымы университетте Түркия Республикасынан келіп, студенттерге сабақ беріп жатқан түрік ұстаздарға көңіл айтып, арнайы дастархан жайып, көңіл шай берді.
Нұр-Мүбарак Египет Ислам Мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев Түркияда қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтып, қандай жағдай болмасын қазақ елінің түрік халқымен бірге екенін тілге тиек етті.
«Түрік халқымен біздің тіліміз де, діліміз де, дініміз де бір. Одан әрі бәріміз бір Адам атаның балаларымыз. Түркиядағы жағдай біздің де жанымызға батты. «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегендей, бәрі де бір Алланың қалауымен болған жағдай. Бұны бір сынақ деп қабылдаймыз. Алланың сынағы сүйген құлдарына келеді. Ал сабыр еткендерге үлкен сый бар», – деді проректор қаза тапқандардың жақындарына сабыр тілеп.
Дастархан басында арнайы Құран оқылып, қаза болғандардың рухына бағышталды.
Соңғы мәліметтер бойынша, Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 18 мың 300-ден асса, жаралылардың саны 74 мың 200-ден асты. Қазақстаннан барған құтқарушылар тобы Газиантепте жер сілкінісінен 76 сағаттан кейін 3 адамды тірідей аман сау құтқарды.