Ассаламуғалейкум құрметті достар, ардақты ағайын!

Мен белгілі бір себептерге байланысты, үстіміздегі жылдың 20-қыркүйегінде «Білім – қазына» қоғамдық қорының басшылық қызметінен өз еркіммен кеттім. Алдағы уақытта әлеуметтік желілерде дәріс берумен және қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар мәселелермен айналысатын боламын.

Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын, 4 жылға жуық мерзім ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, имамдар және жамағаттың, сондай-ақ Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстаздары мен ұжымының қолдауымен, Университет басшылығы және Қор арасындағы меморандум аясында дін мен елдің мүддесі, студенттердің сапалы білім алулары үшін көптеген жобаларды іске асырдық. Осы орайда мені қолдап, жанымнан табылып демеушілік еткен жандардың барлығына басымды иіп алғысымды айтамын. Ал енді қызметім барысында жасалған басты жұмыстар туралы өздеріңізге қысқаша ақпарат беріп кетуді жөн санадым.

• 2015 жылы ашылған аталмыш Қордың мақсаты, Университеттің студенттеріне оқу ақысын төлеуге һәм сапалы білім алулары үшін қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етуге қаржылай қолдау білдіру болатын. Мен 2018 жылдың соңына қарай, Қордың қамқорлар кеңесінің бірауыздан келісіп, толтырылған хаттамасымен қызметке келдім. Иә, университет басшылығының ұсынысы негізгі себеп болды.

• Ең алдымен жұмысты Қор құжаттарын реттеу, жабылып қалған банк есеп шоттарын қалыпқа келтірумен бастадық.

• Университеттің екі департаментімен тығыз жұмыс жасадық. Сандыбаев Жалғас мырза басқарған «академиялық мәселелер» департаментінің іс-шараларына, сондай-ақ студенттердің жылдық оқу ақыларына, тіпті жол қаражаттарына да қаржылай көмегімізді аямадық. Байзақ Мақсат мырза басшылық еткен «тәрбие істері және әлеуметтік даму» департаментінің жыл сайынғы өткізетін діни, мерекелік, спорттық, әлеуметтік т.б. шараларының барлығында жанынан табылып, материалдық әрі моральдік қолдау көрсеттік.

• Университеттің IT орталығына 28 дана ең соңғы үлгідегі компьютерлермен жабдықтадық.

• Қаламыздағы ірі сауда-саттық орындарымен келісе отырып, Университеттің бір жылға жететін тазалық жұмыстарына қажетті заттардан бастап, кейбір кеңсе тауарларына дейін қамтамасыз етуге ықпал еттік.

Келесі кезекте осы аталған бағыттар бойынша жұмсалған қаражаттардың көлеміне тоқталамыз:

1. Студенттердің жылдық оқу ақылары, сондай-ақ жол қаражаттарына 23 782 736 (жиырма үш миллион жеті жүз сексен екі мың жеті жүз отыз алты) теңге жұмсалды.

2. Студенттер арасындағы ғылыми және спорттық сайыстарға жұмсалған қаражат 1 364 000 (бір миллион үш жүз алпыс төрт мың) теңгені құрады.

3. IT және қажетті техникаларды 4 611 410 (төрт миллион алты жүз он бір мың төрт жүз он) теңгеге алдық.

4. Университетте өтіп отырған конференцияларға 2 373 500 (екі миллион үш жүз жетпіс үш мың бес жүз) теңге жұмсадық

5. Кітапхананы қажетті кітаптар және жиһаздармен жабдықтауға 2 250 000 (екі миллион екі жүз елу мың) теңге кетті.

6. 12 048 000 (он екі миллион қырық сегіз мың) теңгеге Университет ұстаздарының кітаптарын баспаханадан басып шығартып, Университет түлектері мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кейбір медреселеріне тараттық.

7. Жатақхананың жөндеу жұмыстарына қосқан үлесіміз 861 000 (сегіз жүз алпыс бір мың) теңгені құрады.

8. Тұрақты түрде өтіп тұратын діни һәм мерекелік іс-шараларға жұмсалған ақша 3 494 480 (үш миллион төрт жүз тоқсан төрт мың төрт жүз сексен) теңге болды.

9. Ауызашарлар мен қонақтарға жазылған дастархандарға 4 720 285 (төрт миллион жеті жүз жиырма мың екі жүз сексен бес) теңге жұмсалды.

10. Университеттің жөндеу жұмыстарына және қажетті шаруашылық заттарға 12 663 905 (он екі миллион алты жүз алпыс үш мың тоғыз жүз бес) теңге, бұдан бөлек университет асханасына күрделі жөндеу жұмыстары үшін 3 000 000 (үш миллион) теңге жұмсалған болатын.

11. Қордың жұмыстарын қоғамға таныту мақсатында түсірілген роликтер, жарнамалар, буклеттер, арнайы ыдыстар, жасалған брендбук, мердігерлерге төленген қаражат 23 061 790 (жиырма үш миллион алпыс бір мың жеті жүз тоқсан) теңге болды.

12. 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеге демеушілердің садақа салуларын естеріне салып тұратын «Қазына» деген қосымшаны (приложение) жасадық.

13. Қор қызметкерлерінің жалақысына (соңғы екі айда) 3 538 276 (үш миллион бес жүз отыз сегіз мың екі жүз жетпіс алты) теңге жұмсалды.

14. Университеттің жаңадан салынып жатқан ғимаратының құжаттарын рәсімдеуден бастап құрылыс жұмыстарына бүгінге дейін жұмсалған қаражат 230 595 031 (екі жүз отыз миллион бес жүз тоқсан бес мың отыз бір) теңгені құрады.

Жоғарыдағы қаражаттардың жалпы көлемі 329 864 413 (үш жүз жиырма тоғыз миллион сегіз жүз алпыс төрт мың төрт жүз он үш) теңгені құрады. Оның 277 057 877,16 (екі жүз жетпіс жеті миллион елу жеті мың сегіз жүз жетпіс жеті теңге он алты) тиыны Қордың есеп шотынан, ал 52 806 535,84 (елу екі миллион сегіз жүз алты мың бес жүз отыз бес теңге сексен төрт) тиыны демеушілердің қаржылай және заттай берген дүниелері. Ал Қор шотында 8 637 903,33 (сегіз миллион алты жүз отыз жеті мың тоғыз жүз үш теңге отыз үш) тиын қалды.

Есеп шотына дейін жабылып қалған қордың бүгінгі таңда тұрақты салымшылары да бар.

Аллаға шүкір, осындай еңбегіміз бен қызметіміз бағаланып, Алматы қаласы әкімдігі мен Университет басшылығы тарапынан жыл сайын алғыс хаттар алып отырдық. Еңбегімізді бағалаған қала әкімдігі мен университет басшылығына алғыс білдіремін.

Раббым бізге әрбір амалымыздың ақиреттегі сауабын да көруге және әрдайым жақсылыққа жаршы болуға жазсын!

Ақпарат көзі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған