Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азия кеңсесі мен Парламент Сенатының қолдауымен «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» көрмесі және арнайы жиын өтті. Көрмеге тарихы Осман халифтен бастау алатын куфи Құран көшірмесі мен пайғамбар хаттарының көшірмелері, Орталық Азиядағы көне куфи жазуларының үлгілері, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінен келген шеберлердің каллиграфиялық жұмыстары қойылды.
Іс-шараға белгілі ғалымдар мен мамандар, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар көне ислам каллиграфиясының тарихи және рухани маңызын атап өтіп, құснихат өнерінің түрлі стильдері мен ерекшеліктерін талқылады.
Түркиялық профессор Метин Акар Әзірет Сұлтан кесенесінің сыртқы жазулары мен олардың қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады. Ол кесенедегі жазулардың кейбір бөліктері реставрация кезінде бүлінгенін және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Өзбекстандық шебер Хабиболла Салиев Ташкентте сақталған Осман Құран нұсқасы мен Орталық Азияның көне жазулары туралы баяндады. Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы куфи және мақили жазуларының тарихи маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, Ұлттық архив ғимаратында мамандар мен шеберлердің қатысуымен байырғы және заманауи құснихат үлгілері бойынша мастер-класс өтті.