«Білім-Қазына» қоғамдық қоры қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін атап өтті. Алматы қаласындағы Ұлжан-2 мешітінің жамағатына арнап, 150 адамға ауызашар беріп, Наурыз көжеден дәм татқызды.
Алатау ауданында орналасқа Ұлжан шағын ауданының ынтымағы берік. Мешіт жамағаты болса үлкенді «аға» деп құрмет тұтып, кішіге «іні» деп ізет қылатын үлгілі екенін айта кету керек. Осыны ескерген «Білім-Қазына» қоғамдық қоры шағын аудандағы ақсақалдарды Наурыз мерекесімен құттықтап, иықтарына шапан жапты. Ақсақалдар да кейінгі ұрпаққа өнегелі сөзін айтып, ақ батасын берді.
Қор директоры Олжас Баезов жиылған қауымға 33 жылда бір келетін қос мерекенің мәнін ұғындырып, «Білім-Қазына» ұжымының атқарып жатқан істерін баяндады. Алатау аудандық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Ерлан Жеңісұлы ұлттық құндылықтар мен Рамазан айындағы құлшылық жайлы сүбелі сөз айтты. Ұлжан-2 мешітінің бас имамы Наржігіт Сапарханұлы жиылға жамағатты оразамен құттықтап, «Білім-Қазына» қорына алғыс білдірді.