Дүйім жұртқа «мемлекет» пен «өркениеттің» екеуі екі басқа ұғым екені белгілі. Десе де, «мемлекетті» де, «өркениетті» де Жасаған Иенің жар болуымен шарғы басты пенде жасайды. Пассионер рухтағы алғадай азаматтар қуатты «мемлекетті» құрса, ал қуатты мемлекеттер адамзат баласын игілігі үшін биік «өркениеттерді» тудырады. Яғни, өркениеттер – қуатты мемлекеттердің оймыштап жазған ізі ретінде мәңгі өшпестей болып тарихта аты таңбаланады. Адамзат шежіресіне назар салған болсақ, пенде баласының бұтына жапырақ байлап (теория жүзінде айтылатын) күн кешкен әдепкі аужал күнінен бермен ғылыми-технократиялық дамыған қоғам құрылған бүгінгі шекке дейін жүздеген қуатты мемлекеттер мен ондаған өркениеттер өмір сүрген. Бұл жөнінде Шпенглер, Фукуяма, Тойнби, Ибн Халдун, Мәруади, Гумилев т.б. ғұламалар талай-талай том-том кітап жазды. Аузы уәлі, ойы ұшқыр, даналығы даңғайыр небір ғұламалар тарих көшіне күн кешкен мемлекеттер мен өркениеттер хақында нешеме теориялар мен концепцияларды жасады. Әйткенмен, қанша қырағылық танытса да, кейде пенде баласының назарынан тыс қалып жататын дүниелер болады екен. Соның бірі – түркі-мұсылман өркениеті, оның шарықтау шегін әйгілейтін «Осман мемлекеті мен өркениеті» десек, сірә қателеспейміз.

Бұл турасында ғылыми ортаны иландыра алатын ғұламалар ұжымы қолға алған концептуалды еңбек өткен ғасырдың аяғында IRCICA (Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы) ұйымының ұйытқы болуымен 1994 жылы жарық көрді. «Осман мемлекеті мен өркениеті тарихы» атты ІІ томдық көлемді еңбектің томағасы сыпырылып, ол бірнеше тілге тәржімаланғаннан кейін мұқым ғалам тарихта түркі-ислам өркениетінің болғанын мойындай бастады. Әйтпесе, еуроцентристік немесе араб кіндігі тұрғысынан жазылған бұрынға зерттеулерде түркілер примитивті қоғам өкілдері деп саналып келген-ді. Селжұқ түріктері Мәуараннахр мен Дешті-Қыпшақтан қоныс аударып, Анадолы жерінде Ертуғырыл мен Осман ғазидың кезінде түркі-мұсылман бейлігін құрып, іле-шала Құлағу илхандығы мен Византияны тізе бүктіріп, бейліктен империяға айналып, соңыра Явуз Сәлім сұлтанның дәуірінде халифаттың кілтін қолында ұстады. Әлемді алты ғасырдай уақыт тітіретіп, Анадолы, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Кавказ, Қара теңіз бойы, Қырым түбегі, Балқан түбегін уысында ұстап келді. Осман мемлекеті ғаламдық саясатта Венеция, Рим, Темуридтер, Қызылбас, Пруссия, Ресей, Англия, Франция, Венгрия, Руминия, Болгария, Италия, Македония, Греция, Португалия секілді мемлекеттердің ұзақ уақыт бас ауруына айналды.

 

Осман мемлекеті қан майдандағы қайтпас жауынгерлік ерліктерімен ғана емес, биік өреге негізделген өркениетті құра білуімен тарихта аты қалды. Әсілі, Осман өркениеті үш ұстынның үсітіне құрылды. Ол – түркілік жауынгерлік рух, Хақ сенім – ислам діні, ежелгі Месопатамия мен Рим мәдениеті. Аталған үш ұстын шебер қиюластырылғандықтан, Осман мемлекеті алты ғасыр супер держава ретінде өмір сүрді. Кітапта осы мәселелер жан-жақты талданып, нанымды түрде ғылыми тұжырымдармен өрнектелген. Бүгін мінеки сәті соғып, «Білім-Қазына» қорының мұрындық болуымен осы дүниенің қазақ тілінде жарық көргеніне куә болып отырмыз. Әрқайсысы сүйем қарыстай келетін ІІ томдық қалың кітаптың мазмұны да қалың, дәйегі мол, дерекке бай.

Шығармашылық топ кітаптың түіркше басылымын тәржімалап қана қоймай, ондағы мағлұматтарды ғылыми сүзгіден өткізіп, жан-жақты саралап, шындығына көз жеткізіп барып, жариялауға шешім жасады. Осы күнге дейін Осман тарихын кино-сериалдардан көріп үйренген Алаш баласы, енді оның шынайы ақиқатын паш ететін ғылыми дүниелермен де танысуға мүмкіндік алып отыр. Ендеше Қазақ елі құтты болсын дейміз. Кітаптың парқы мен нарқын түсінетін оқырманы көп болсын деп тілейміз!

Құрметпен, Білім Қазына қорының президенті Сейд-Мұхаммед Абдунаим

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *