Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Білім-Қазына» қоғамдық қорымен маңызды кездесу өтті. Ынтымақтастық келісімшарт аясында ұйымдастырылған іс-шарада қор президенті Сейітмұхаммет Әбдунаим дінтану мамандығының шәкірттеріне арналған құнды оқулықтар мен монографияларды тарту етті.
Сыйға берілген кітаптар қатарында:
• «Дін әлеуметтануына кіріспе»
• «Қажылық және Умра ғибадаттарын үйрену»
• «Тәңіршілдік»
• «Жаңа муалим сәни»
• «Тағдыр кітабы»
Бұл еңбектер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен мақұлданып, оқу бағдарламаларына енгізуге ұсынылған.
Іс-шара барысында кітаптардың авторы, белгілі ғалым Мұхан Исахан тәжірибесімен бөлісіп, дінтану саласындағы білімнің маңыздылығын атап өтті. Ол болашақ мамандарға үлкен сенім артатынын жеткізіп, сапалы білім алудың қажеттілігін ерекше атап өтті.
Университет өкілдері қордың қолдауына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін айтты.
Сейітмұхаммет Әбдунаим өз сөзінде «Білім-қазына» қорының алдағы жоспарларымен бөлісіп, дінтану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау және заманауи оқулықтар мен әдістемелік құралдарды әзірлеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Бұл кездесу студенттердің кәсіби даярлығына оң ықпал етіп, университет пен қоғамдық қор арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті.