Адамзат тарихындағы ұлы ойшылдардың барлығы өмірдің мәнін іздеді, олардың тоқтаған соңғы аялдамасы – өз болмыстары болды. Сократтың «Өзіңді таны» деген сөзі мен Будданың «Шынайы тыныштықты ішкі әлемде ғана табасың» деген пікірі адамның шынайы мәні сыртқы әлемде емес, ішкі әлемде екенін меңзейді. Адамның болмысы, рухы мен жаны оның ең терең “өзі” болып табылады. Осы “өзді” тану арқылы ғана адам кемелдікке жете алады.

Ақберен Елгезек өз сұхбатында нәпсіні тыю арқылы рухани дәрежеге жетудің маңыздылығын айтты. Адамды биіктерге жетелейтін – оның рухы, ал нәпсі – оның басты кедергісі. Ахмет Яссауидің де ойынша, адамның рухани жетілуі үшін нәпсімен күрес маңызды. Нәпсінің жеті сатысын жеңу арқылы ғана адам шынайы кемелдікке қол жеткізе алады. Бұл күрес ізгілік пен зұлымдықтың үздіксіз тартысы сияқты. Неміс философы Гете айтқандай, «Ізгілік пен зұлымдық – мәңгі күрестегі екі бастау». Бұл күрестің мәні – адамның таңдауында, оның қай жолды таңдағанында.
Рухани даму жолында жүрекке ерекше мән беріледі. Руми «Жанның шексіздігі тек жүрек арқылы көрінеді» десе, оның ұстазы Тибризи: «Өзіңе, жүрегіңе үңіл», – дейді. Жүрек – тек биологиялық орган емес, рухани әлемнің орталығы. Алланың нұры жүрекке түседі, сондықтан жүрек тазалығы адамды рухани биіктерге жетелейді. Бұл ой қазақ ақындарының шығармашылығында да көрініс тапқан. Абай «Толық адам» болуды армандаса, Мұқағали қайыңмен жанын айырбастап, сәби болуды қалады, Айбергенов өз биігінде қалуды аңсады. Олардың бәрінің мақсаты – шынайылық пен рухани тазалыққа қол жеткізу. Осы тақырыптар төңірегінде ақынмен тұщымды сұхбат өтті.
Өмірдің мәні туралы әр ойшылдың өз пікірі бар. Толстой: «Адам өмірінде екі маңызды күн бар: туған күні мен өмірінің мәнін тапқан күні», – десе, Сартр: «Өмір – бейне емес, ол өзіндік мәнге ие», – дейді. Адамның жаратылу мақсаты – өзін табу, рухани және интеллектуалдық кемелдікке ұмтылу. Бұл жол әр адамның ішкі ізденісінен, нәпсісін жеңуінен, жүрегінің үнін тыңдауынан басталады. Рухани даму арқылы ғана адам өзінің шынайы болмысын таниды және өмірінің мәнін табады.
Адамның ең ұлы күресі – өз көлеңкесімен күресі. Фаусттағы Мефистофель, Есениннің қара адамы, Андерсеннің көлеңкесі – бәрі де адамның ішкі қайшылықтарының бейнесі. Бұл қайшылықтарды жеңу үшін адам нәпсісін тыйып, рухына мән беруі керек. Жаратылыс бойынша періштелерден жоғары қойылған адам рухани ізденіс арқылы ғана осы биіктікке лайық бола алады. Қай ойшылды алсақ та, олардың айтқаны бір нәрсеге келіп саяды: шынайы кемелдікке жету – адамның рухани, интеллектуалдық және эмоционалдық үйлесімін табу арқылы жүзеге асады. Бұл сұрақтарға ақын ораза ұстап, намаз оқу арқылы, жақсылық жасау арқылы жете алатынын тілге тиек етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *