Қазақ руханиятының алтын қазығы саналатын Қожа Ахмет Ясауидің “Диуани хикмет” еңбегін тереңнен танып, бүгінгі заманмен байланыстыра талдау – ұлт руханияты үшін үлкен олжа. Осы мақсатта белгілі ғалым, ұстаз, профессор Мұхиддин Исаұлының жетекшілігімен арнайы подкаст жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында “Әзірет Сұлтан хикметтері” айдарымен “Диуани хикмет” кітабының шумақтары тұрақты түрде талқыланып, тыңдаушыларға ұсынылуда. Бүгінге дейін 12 подкаст жарық көріп, хикметтің 12 шумағының мән-мағынасы ашылды.
Профессор Мұхиддин Исаұлының тікелей түпнұсқа шағатай тілінен жасаған тәпсірі – тыңдаушыларға “Диуани хикмет” шығармасының рухани қырларын тереңірек ұғынуға жол ашады. Подкаст барысында қозғалған негізгі тақырыптар:
•Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у.) сүннеті мен ізгі жолы;
•Рухани тазалық пен тақуалық;
•Кәріптік (қанағатшылдық), пақырлық;
•Менмендік пен нәпсіге қарсы күрес.
Бұл тақырыптар хикметтегі ойды ғана емес, бүгінгі қоғамның рухани сұранысын да қамти отырып талқылануда. Әсіресе, қазіргі заманның әлеуметтік, моральдық мәселелерін Ясауи ілімімен салыстыра отырып, көпшілікке ізгілік пен имандылықтың маңыздылығын түсіндіреді.
“Диуани хикмет” – уақыттан тыс рухани ілім.
Қожа Ахмет Ясауидің әрбір хикметі – адамзатқа арналған рухани ілім. Профессор Мұхиддин Исаұлы әр шумақтың астарына үңіле отырып, оның бүгінгі өмірмен қалай астасатынын дәлелдейді. Мысалы, пайғамбар сүннетіне амал ету, ізгілікке ұмтылу – тек өткен дәуірдің қағидаты емес, бүгінгі қоғам үшін де аса өзекті тақырыптар.
Талқыланған шумақтардың бірі – менмендікке қарсы күрес. Ясауи баба адамның рухани дамуына кедергі келтіретін ең басты қасиеттердің бірі – менмендік екенін айтады. Подкастта бұл қасиет жеке адам мен қоғамға қалай әсер ететіні ашылып, оны жеңудің рухани жолдары талданды.
Рухани тазалық пен тақуалық
“Диуани хикметтегі” тазалық ұғымы – тек сыртқы тазалық емес, ішкі рухани тазалық. Бұл тақырыпта профессор Мұхиддин Исаұлы рухани кемелдікке жетудің шарттарын саралап, тыңдаушыға түсінікті тілде жеткізді. Ясауи ілімінде тақуалық – Аллаға деген махаббаттың көрінісі және шынайы адамдық болмыстың негізі ретінде айқындалады.
“Әзірет Сұлтан хикметтері” жобасы арқылы Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы жаңа тыныс алып, тыңдаушы қауымға заманауи форматта жеткізілуде. Жас буынға дінді, руханиятты түсіндіруде бұл подкасттың орны ерекше. Ясауи хикметтері арқылы қоғамдағы ізгілік, қанағат, сабыр сияқты құндылықтар насихатталып, рухани жаңғырудың маңыздылығы айшықталады.
“Диуани хикмет” тәпсірі – қазақ руханиятының еңсесін тіктейтін, әрбір жанның ішкі дүниесіне сәуле түсіретін маңызды жоба. Мұхиддин Исаұлының жетекшілігімен жүзеге асқан бұл подкасттар Ясауи мұрасын тереңнен түсінуге, өмірдің рухани мәнін ұғынуға жол ашып отыр. “Әзірет Сұлтан хикметтері” айдары – рухани құндылықтарды іздеген тыңдаушыға бағдаршам іспетті.