Жақында белгілі құқық қорғау саласының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Дәулет Әмірханұлы Темірхановтың “Бүгілмес болат, сынбас семсер” атты деректі детектив кітабы жарық көрді. Осыған орай, автормен арнайы сұхбат өтіп, тыңдарманға ерекше әсер қалдырған жайттар айтылды. Подкаст барысында Дәулет Әмірханұлы өзінің өмір жолы мен кітаптағы елеулі оқиғалар туралы ой бөлісті.
Дәулет Әмірханұлының айтуынша, кітап жазу идеясы көп жылдық тәжірибе мен оқырманға үлгі боларлық нақты оқиғалардан туындаған. “Бұл тек естеліктер ғана емес, қоғамға қажетті шынайы детективтік оқиғалар, адалдық пен ерліктің айқын көрінісі”, – дейді автор.

90-жылдардағы арнайы жасақтың құрылуы
90-жылдар еліміз үшін ауыр кезең болды. Сол кезде қоғам қауіпсіздігі үшін алғашқы арнайы жасақтың құрылуы – уақыт талабы еді. Дәулет Әмірханұлы өзі құрған жасақтың алғашқы командирі болудың жауапкершілігі туралы айта отырып: “Қылмыскерлермен бетпе-бет келу – тек күш сынасу емес, бұл ақыл-ой мен төзімділікке сын болатын”, – деп атап өтті.
Кітаптағы әсерлі оқиғалар
Сұхбат барысында автор оқырманға ерекше әсер қалдыратын бірқатар оқиғаларды бөлісті. Бұл оқиғалар тек полицейлердің шеберлігін ғана емес, олардың өмірлерін қатерге тіге отырып, қоғам қауіпсіздігі үшін күрескенін көрсетеді.
Дәулет Әмірханұлы Астанада арнайы мақсаттағы бөлімді құру кезіндегі қиындықтар мен оларды еңсеру жолдарына тоқталды. Ел астанасындағы тыныштықты қамтамасыз ету үшін қандай қиын сынақтардан өткені де сөз болды.
Сұхбат соңында Дәулет Әмірханұлы егер жаңа кітабы оқырмандар арасында танымалдылыққа ие болса, тағы да жалғасын жазуды, шет тілдеріне аударуды жалғастыратынын айтты. Сонымен қатар, “Бүгілмес болат, сынбас семсер” кітаптағы оқиғалар негізінде фильм немесе сериал түсіруге сұранып тұрғанын, ұсыныстар түсіп жатса қарсы еместігін атап өтті.
Бұл сұхбат – ерлікке толы өмір жолының, әділдік үшін күрестің, қайсарлықтың шынайы шежіресі іспеттес. Дәулет Темірхановтың “Бүгілмес болат, сынбас семсер” кітабы бүгінгі және келер ұрпаққа патриотизмнің, адалдықтың үлгісін ұсынады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *