Ардақты ағайын! Бүгін Тәуелсіздік күні. Бұл мереке  ата-бабамыздың асқақ арманы мен батырларымыздың ерлікке толы жолының жемісі. Әрбір қазақтың жүрегінде Тәуелсіздік күні  ұлттың бірлігі мен болашағына деген сенімнің символындай жарқырап тұрады. Білім-Қазына қоғамдық қоры еліміздің дамып өркендеуіне тамшыдай болсын үлес қосу үшін, тер төгіп келеді. Сіздердің назарларыңызға жылдық қорытынды есебімізді ұсынып отырмыз.

Тәуелсіздік күні – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманының орындалған күні. Бұл мереке еліміздің еркіндігі мен болашағына деген сенімнің символы болып табылады. Білім-Қазына қоғамдық қоры да осы ұлы күнге орай, еліміздің рухани және мәдени дамуына қосқан үлесін атап өтуге асығады.

2015 жылдан бері руханият саласында қызмет етіп келе жатқан Білім-Қазына қоры 2023 жылы өз студиясын ашып, тарих пен руханиятқа қатысты ондаған деректі фильм мен тұрақты түрде подкасттар жариялауды қолға алды. 2024 жылы жобалар ауқымы кеңейіп, елордамыз Астана қаласында да шағын студия жұмысын іске қосты. Медиа жобалар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруді және тың тақырыптарды жариялауды басты мақсат еткен.

Қордың медиа жобаларына сұраныс жоғары. Деректі фильмдері ел тарихындағы маңызды оқиғаларды талдап, тыңдармандарға ұсынады. Шығыстанушы Әшірбек Мүміновпен “Алтын Ордаға ислам дінін әкелген кім?”, тарихшы Нұрлан Кенжеахметовпен “Қазақ хандығының географиясы”, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлімен “Жошы хан туралы”, жазушы Жәди Шәкенұлымен “Қазақ прозасындағы тарихи қабаттар” жайында, сондай-ақ белгілі киноактер Бақтияр Қожамен қоғамдық мәселелерге арналған сұхбаттар түсірілді. Құл Қожа Ахмет Яссауи туралы тарихи-танымдық сюжет түсіріліп, бірнеше сериалы “Яссауи жолы” деректі фильм түсірілуде.

“Бабалар ізімен” циклі аясында қазақ тарихындағы маңызды тұлғалар мен оқиғалар туралы бірнеше деректі фильм дайындалды. Әйюб Сұлтан мешіті деректі фильмі ислам мәдениетінің маңызды орталығы болып табылатын Әйюб Сұлтан мешітінің тарихын баяндаса, “Арыстан баб кім болған?” деректі фильмі қазақ халқының рухани тұлғаларының бірі Арыстан бабтың өмірі мен қызметін зерттейді. “Имам Матуриди кім?” деректі фильмі бүкіл әлемдік ислам философиясына ықпал еткен ұлы ғалымның еңбектерін ашып көрсетеді.

Әлемге әйгілі хадисші Имам Бұхари туралы тарихи-танымдық бейнефильм: Бұл фильм әлемдегі хадис ғылымының дамуына зор ықпал еткен тұлға Имам Бұхари туралы терең талдау жасайды. Айя София мешіті туралы бейнесюжеттер: Айя Софияның ислам әлеміндегі маңызы мен оның тарихындағы өзгерістер туралы баяндалған бұл жобалар көрермендерді тамаша әрі танымдық саяхатқа шақырады.

Білім-Қазына қорының YouTube арнасы 2024 жылы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Арнада 13.6 мың жазылушы жинақталды, жалпы бейнетаспа саны 458-ге жетті, қаралым саны 2,5 миллионнан асты. Ай сайын 8 подкаст, әлеуметтік желіде күн сайын видео жарияланады.

Қордың жеке студиясы ашылған сәттен бастап, ең өзекті әрі қажетті тақырыптарды көтере бастады. Түлкібас өңірінен ашылған ғылыми жаңалықты, атап айтсақ Нұран баб туралы алғашқылардың бірі болып арнайы жоба дайындады, “Хорасан баб” кешенінде үлкен ас беріліп, ол жерден де сүйекті бейне жоба дайындады.

Рухани даму ұлттық құндылықтарымыз бен асыл дініміздің айқын дәлелі. Осы бағытта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегенмен дінтану бойынша оқулықтар әзірлеу; Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаевамен оқу құралдарын дайындау келісімдері жасалды.

Классикалық кітаптарды қазақ тіліне бейімдеп, олардың құндылығын сақтай отырып, оқырманға жеткізу қордың басты миссиясы. Осы бағытта қазақ тілінде бұрын жарық көрмеген туындыларды аударуға ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы: Имам Раббани әл-Мужаддидтің “Мактубат” шығармасы: Бұл еңбек ислам философиясы мен рухани даму тұрғысынан аса маңызды. Қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп отырған бұл туынды халыққа ұлы ислам ойшылының діни және философиялық ілімін танытады. Мухаммад Әли әс-Сабунидің “Аятул Ахкам” еңбегі: Қор бұл еңбекті қазақ тіліне аударып, мұсылман қауымына оның мазмұнын түсіндіріп, қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруға өз үлесін қосуда. Әбул Хасан әл-Мауарди жазған “Адаб китабуд дуния уа ад-дин” шығармасы: Бұл кітапта өмір мен дін арасындағы үйлесімділік туралы айтылып, қоғамдағы этикалық және моральдық нормалар жайында түсінік береді.

2024 жыл Білім-Қазына қоры үшін үлкен жетістіктер мен маңызды бастамаларға толы болды. Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз арқасында біз көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырып, еліміздің рухани және мәдени байлығын арттыруға өз үлесімізді қостық. Осы жолда әрбір білімді жанның қоғамға қосар үлесі ұшан-теңіз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *