МҰХАММЕД НҰРАН БАБ СҮЙІНШІСІ АЙТЫЛДЫ
Құт қонған Түлкібас қазақ руханияты мен тарихынан лайықты орнын алған әйгілі өлкелердің бірі. Жаратқан, Түлкібасты тек сұлу табиғаты, асқар тау, аққан суымен ғана емес, ең алдымен данышпан ұлдары мен парасатты қыздарының кіндік қаны тамғанымен, қаншама әйгілі әулие-әруақтың мәңгілік мекен тауып топырағын киеге толтырғанымен артық қылған. Әдетте Түлкібастың қараша айы жауын-шашыны мол, күншуағы кем болып келетін. Биыл осы өңір жұрттын тек жаздың молынан қандырған күншуағына ғана қуантып қоймай, есті жұрттың көңілдерін нұрға толтыруымен де әйгіленді.
2019 жылы Түлкібас ауданы, Абай ауылында IX-XI ғасырға дән құлпытас табылған. Кейінен ол жерде қабір бары анықталып, археологтар қазба жұмыстарын жүргізді. Бірнеше жылға созылған қазба жұмыстары қабір өз заманының сыйлы кісісене тән екенін дәлелдеп берді. Жер астынан сол заманға тән тиындар, арнайы бұйым табылған. Тағы бір айта кетерлігі, сол төңіректе жер асты мешіті болған.
Құлыптастағы жазу ерте заманға тән болғандықтан қазақстандық, түркиялық және Орта Азия ғалымдары бірлесіп «Мұхаммед Нұран Баб» қабірі деген тоқтамға келген. Нұран баб туралы ақпар кемде-кем. Десе де Қазақ топырағында қабірі бұзылмаған жалғыз баб екенін айта кеткен жөн.
Қараша басында Абай ауылында халықаралық ғылыми-конференция өтті. Жиында Нұран баб қабір кесенесінің тұсауы кесіліп, оны ғылыми айналымға енгізу туралы ғалымдар баяндамасы тыңдалды. Нұран баб өз заманының сыйлы әрі беделді кісісі болған деген дерек бар. Себебі, қабірден табылған материалдық бұйымдар соны меңзейді.
Осы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ҚР Парламент сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Сатвалдиев Алишер, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Нарымбетов Бахадыр, Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Нұралиев Абдалы, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, руханият жанашыры және танымал меценат Бахарадин Әбләзимов, Қырғызстан Республикасынан арнайы келген қонақтар, ғалымдар Арслан Койчиев, Кадыралы Конкобаев, Негизбек Шабданалиев және ақын Акматбек Султан, Халықаралық Түркі академиясының өкілдері, түркі дүниесіне танымал археолог-түрколог ғалымдар Нәпіл Базылхан мен Нұрболат Бөгенбаев және қырғыстандық түрколог Нурдин Усеев, белгілі отандық шығыстанушы ғалымдар Төреәлі Қыдыр, Мұхан Исахан мен,Сейдмухаммед Әбдунайм, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ғылыми жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары Мұрат Тастанбеков пен ғылыми қызметкері Марат Тұяқбаев, танымал дінтанушы және аудармашы Зәріпбай Оразбай мен ақын-жазушы Ақберен Елгезек, Мұхаммед Нұран баб кесенесі-ғимаратының архитекторы Асқар Әзімбаев сынды мемлекет пен қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен зерттеушілер және Абай ауылының тұрғындары қатысты.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының жұмысы Мұхаммед Нұран бабқа арнайы салынған кесене ғимаратының тұсауын кесіп, ашылу салтанатынан басталды. Алқалы жиында бас қосқан зиялы қауым өкілдері Мұхаммед Нұран бабтың құлпытасының табылуы, одан кейінгі археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстар нәтижесіне байланысты ақпараттармен таныстырылды. Қатысушылар Мұхаммед Нұран баб кесенесі ғимаратының ішіне кіріп наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы баба аруағына дұға бағыштады, кесене ішінде ұйымдастырылған уақытша көрме аясында археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған археологиялық жәдігерлер көрсетілді.
Халықаралақ ғылыми-практикалық конференцияның алқалы отырысын жиын модераторы ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда айтқан: «Бұл жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет. Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырамын», – деген сөзінен бастап, рухани құндылықтарды дәріптеудің елімізді әлем жұртшылығына танытудың ең ықпалды құралы екенін айрықша атап өтіп, маңыздылығын конференцияға жиналған жұршылыққа түсіндіруден бастады.
Конференцияның кіріспе бөлімі мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің және шетелдік қонақтардың құттықтау сөздерінен басталды. Содан кейін, ғылыми конференцияның пленарлық отырысы арнайы дайындалған баяндамамар кезегін танымал дінтанушы, аудармашы Зәріпбай Оразбай бастады. Ол ең алғашқы болып Мұхаммед Нұран баб құлпытасындағы жазуды алғаш рет қалай оқығанын, Орталық Азия аймағындағы осындай мәтінді бұрын соңды кезіктірмегенін және құлпытастағы куфи жазуы араб графикасындағы ең көне жазуларға жататынын мәлімдеді. Сонымен бірге, Мұхаммед Нұран баб тұлғасы арқылы руханият кеңістігінің бірегей арнасының ашылуына орай үлкен қуанышын білдірді.
Одан кейнгі сөз осы нысанның археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген Халықаралық Түркі академиясының өкілдеріне берілді. Бірінші болып археолог, мәтінтанушы, түрколог-лингвист ғалым Нәпіл Базылхан «Нұран баб құлпытасы Орталық Азия аймағының исламдану дәуіріне байланысты тұңғыш рет табылған ең көне эпитафиялық тас және қабірді таспен құрсап жерлеуіне қарағанда түркілерге тән көне жерлеу дәстүрлеріне жатады», деген мәлімдеме жасады. Одан кейін сөз алған археолог-ғалым Нұрболат Бөгенбаев археологиялық жұмыстар барысы 2019 жылы басталып, 4 жылға созылғанын, күрделі жөндеу жүргізілгенін, қазба жұмыстарына Ә.Марғұлан атындағы археология және тарих институтынан тағы екі археолог-ғалымның қатысқанын және ауыл тұрғындарының да қазу жұмыстарына атсалысқаны туралы айтты. Қазба жұмыстары барысында археологиялық артефактерге толы көне кесененің табылғаны және сол жәдігерлерге жасалған экспектизалар осы нысанның Қарахан дәуіріне, яғни Х-ХІ ғасырларға тиесілі екенін, сонымен бірге «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қызметкерінің қазба жұмыстар барысына бақылаушы ретінде қатысып, құнды пікірлер айтқанын, сонымен бірге Мұхаммед Нұран бабтың қасынан тағы бір қабір табылғаны, оның бабтың отбасы мүшелеріне тиесілі болуы мүмкін екендігі туралы мәлімдемелер жасады.
Тағы бір қызықты жайтты Халықаралық Түркі академиясының қызметкері, қырғызстандық түрколог Нурдин Усеев мәлімдеді. Ол қырғыз халқының әйгілі Манас эпосында Түлкібас өңіріне байланысты Түркібасы атауының және Мұхаммед Нұран баб кесенесіне жақын жердегі Жыланды өзенінің бойында өткен шайқас пен Манастың осы өлкеде ислам дінін қабылдағаны туралы айтып берді. Мәлімдемеде Түлкібастың тарихи атауы Түркібасы және осы өлке ежелден түркі жұртының бас қосып, ынтымағының ұйытқысы болғанын айғақтайтын дерек келтірді. Осы өлке тарихының тамыры тереңде екені және барша түркі жұртын тоғыстырған рухани маңызы зор кіндік өлке екеніні туралы мәлімдеме жасады.
Исламтану ғылыми институнының директоры, белгілі шығыстанушы ғалым Төреәлі Қыдыр түркі жұрты ежелден жайлаған осы аймақта халқымыздың ислам дінінің қабылдауындағы үш кезеңінің болғанын айтты. Оның алғашқысы бабтардың дәуірі, екіншісі аталардың дәуірі және үшіншісі ишандар дәуірінен тұратынын мәлімдеді. Фольклор мен әдебиетте «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда түмен бап», деген сөздің астарында осы өлкенің түркі жұртының исламдануының бастауында тұрғанын, әсіресе ғылымда кем зерттелген бабтардың дәуірінің зерттелуіндегі Мұхаммед Нұран баб тұлғасының белгілі болуы, руханият тарихындағы ақтаңдақ тұстарының ашылуына орасаң үлес екенін ерекше айтып өтті.
Сонымен бірге, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ғылыми қызметкері Марат Тұяқбаев осы кешенің археологиялық жұмыстарының барысында табылған жәдігерлердің тарихи-мәдени құндылығы мен олардың VII-XII ғасырлар аралығына тиесілігін және осы аймақтағы археологиялық-зерттеу жұмыстарды әлі де жалғастырудың мағыздылығы туралы мәдімдеме жасады.
Содан кейінгі, баяндамалар реті қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ақындарға берілді. Әр баяндамалар мен мәлімдемелерге конференция модераторы Дархан Қыдырәлі орайын тауып тұжырым жасап, шырайын ашып ойларын жүйелеп, мазмұнын толықтырып отырғанын айрықша атап өту керек. Осы қатысушылар қатарында танымал меценат Бахарадин Әблазимовтың: «Рухани құндылықтарға кіретін мәдениет, дін, дәстүр, осындай бірнеше заттардан тұрады. Біз түркі халқы, оның ішінде қазақтар әруақты құрметтеген халықпыз. Бүгін міне соның айғағын көріп отырмыз. Қазақтың халық болып қалыптасуына үлес қосқан дүние ол дін. Енді соны дәріптеп, халқымызды ел қылған ата-бабаларымыздың әруағына құрмет көрсетіліп жатыр. Міне Манас эпосымен де жақын танысып жатырмыз. Осындай алқалы жиын арқылы тұлғаларымызды дәріптеу негізінде бауырлас түркі жүртымен жақын танысып, бауырластығымыз бен ынтымағымыз беки түсуіне тілектеспін», — деді мырза ағамыз. Конференция соңында арнау айтқан қырғыз ақыны Акматбек Султан:
Неше-неше адамның чарбағын қазсаң күл чығад,
Жақсы адамның чарбағын қазсаң алтын емес пір чығад,
Пірлеріміз бұйыртса қолдой берсін қазақты,
Балдарыңыз ардайым, атақты болсун ұлытқа,
Тірек болсын қазаққа, арқа болсун қырғызға,
Тағытты ұлы болса екен Мұхтар менен Шыңғыстай, —
деп арнауын шашу етіп, барша конференция қатысушыларын жырымен тәнті етті.
Жалпы айтқанда жаңадан ашылған осы кесене ғимараты Орталық Азияда – тұтастай Түркістан аймағында тұңғыш рет табылған бабтар дәуіріне тиесілі эпитафиялық тас және Түлкібас өңірінде республикалық мағызы бар нысандар тізіміне кірген алғашқы нысан. Құлпытас 2018 жылы Түлкібас ауданы, Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлінің ауласынан табылған. Халықаралық Түркі академиясының ұймдастыруымен 2019 жылы басталған кешенді археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында, осы жерден ұзындығы 4 метр, ені 1,65 метр, қабырғасының биіктігі 2 метрге жуық құрылыс нысанының болғанын анықталған. Ескерткіш қабырғалары Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарынан қиуы келтіріліп қаланғаны және қазба жұмыстарының барысында нысан аймағынан металдан, сүйектен, қыштан, шыныдан, жасалған артефактілер табылған. Осы заттай табылған айғақтарға ғылыми зерттеулер жүмыстарын жүргізу нәтижесінде, ғалымдар «бұл ескерткіш шамамен Х-ХІ ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген өзі ұста, әрі діни-ағартушылық қызметті атқарған Мұхаммед Нұран баб әулиеге арналып салынған ескерткіш», деген қортынды жасауға мүмкіндік берген. 2023-2024 жылдар аралығында танымал архитектор Асқар Әзімбаев жобасымен жеке қаржатқа Мұхаммед Нұран бабтың жаңартылған кесенесі тұрғызылған. Абай ауылының іргесіндегі Көкбұлақ өзенінің жағасында бой көтерген жаңа кесене ғимараты модерн стилінде салынып, исламның құрылыс дәстүріндегі күмбез бен мұнаралар сынды элементтерін заманауи үлгіде сомдаған ерекше нысан ретінде көз тартады. Кесененің өзен жақ іргесі мен шатырының қиылысы панарамалы шыны әйнектермен қапталған. Сонымен бірге, Мұхаммед Нұран баб кесене ғимаратының ішкі интерьері ЮНЕСКО талаптарына сай тарихи ескерткіштің аймағының тұтастығын толықтай сақтаған бірегей нысан. Бүгінде мемлекет қорғауына алынған Түркістан өлкесіне келген туристер мен зирттаушы жұртшылықтың көптеп келетін рухани орындарының біріне айналары сөзсіз.
Осы алқалы жиынға «Білім-Қазына» ҚҚ ақпаратық демеушілік көрсетіп, арнайы репортаж дайындап, қалың бұқараға рухани мәні зор, әрі тарихи тағылымы мол жаңалықты жеткізеді.