Д.ҚЫДЫРӘЛІ: ДІНИ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ ЕРЕКШЕ НАЗАРДА
Заманауи діни мамандарды даярлауға, олардың білімін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Нұр-Мүбарак университетінде өткен басқосуда мәлімдеді. Министр: «Дін саласы ынтымақ пен бірлікке, еліміздің тұрақтылығына негіз болатын күрделі де нәзік сала екені белгілі. Осы бағытта маман даярлауда еліміз Мысыр Араб Республикасымен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқанын атап өткенін жөн»,-деді.
Бұл тұрғыда университет проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев діни мамандыққа ұмтылған жастардың қатары көбейгендігіне тоқталып, мамандарды даярлау үдерісінің жай-жапсарын жеткізді. Әрі Нұр-Мүбарак университетінің бүгінгі таңда тек маман даярлау саласымен шектелмей, түрлі ғылыми жобалар мен діни экстремизмнің алдын алу, дерадикализация саласындағы атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Сондай-ақ биыл алғаш рет ағылшын тілді исламтанушылар шығатынын сүйіншілеген ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат министр Дархан Қыдырәлі мен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының келуі «Қазақстан Республикасының ерекше нышаны» деп баға берді. Жалғыз ислами жоғары білім ордасын үнемі қолдап жүретін лауазымды тұлғаларға риясыз ризалығын жеткізген профессор ректор университет қазақ елінің қызметіне әрдайым дайын екендігін баса айтты.
Министр Д.Қыдырәлі Нұр-Мүбарак университетінің оңды жаңалықтарынан үнемі хабардар екендігін айта келе, осы бағытта Мысыр Араб Республикасымен өзара ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.
* Биыл Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы өтеді. Осыған орай, Мысыр мен Қазақстан бұл іс-шараны лайықты атап өтуге әзірлік жасауда. Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті алдағы уақытта салтанатты түрде ашылмақ. Бұл де екі ел арасындағы ынтымақтастықтың беки түсуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймыз,-деді министр.
Қос мемлекеттің білім, ғылым саласында ғана емес, ежелгі достықтың алтын көпіріне айналған Нұр-Мүбарак университетінің өркендеуі – ел игілігі екенін екшелей түскен бүгінгі басқосу жаңа үміттерге жол ашты деуге болады.



