Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дәуірінен бастап мұсылмандар бес уақыт намазды оқыған. Неге? Себебі, біріншіден: намаз оқу Құранда парыз етілген. Екіншіден: бұны Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сөзі және ісімен, яғни хадис және сүннетімен растаған. Үшіншіден: Құран мен сүннетке еруде өнеге бола білген сахабалар (родиял-лаһу ғанһум) бес уақыт намазды оқуда табанды болған.
Саналы адам үшін осы айтылғанның өзі жеткілікті! Дегенмен, бес уақыт намаз Құранда айтылу мәселесін кеңірек талқылап кеткен жөн! Себебі кейінгі кезде: «Құранда бес уақыт намаз жайында айтылмаған»,-деп айтатындар пайда болған. Расында солай ма? Бұл мәселені ретінмен талқылайық!
Бірінші мәселе: صَلاَة (соләт) сөзі Құранда.
Құранда صَلاَة (соләт) сөзі жүзге жуық орында «исм» (атау, есім) және «фиғл» (етістік), жеке сөз және сөз тіркесі үлгісінде мына мағыналарда айтылған:
1. Намаз орны;
2. Дұға;
3. Истиғфар;
4. Алла Тағаланың рахметі;
5. Ислам, мұсылмандық;
6. Дін;
7. Тіләуат ету;
8. Ілгерідегі үмметтердің намазы;
9. Аср, сапар, хоуф, жұма, науқастың, жаназа, айт, жамағат, тәһәжжүд, бес уақыт намазы.
10. Мақтау.
Әрине, صَلاَة (соләт) сөзінің Құрандағы мағыналары бұл айтылғанмен шектелмейді. Бұл мағыналарды жалпы түсінік болу мақсатында келтірдік!
Екінші мәселе: нақты намаз оқуды бұйыратын Құран аяттары.
Бізде әдетте «намазды орындау» деп емес, «намаз оқу» деп айтады. Бірақ «намаз оқу» сөзі осы «намазды орындау» ұғымында айтылады. Ал енді: «Құранда бес уақыт намаз жайында айтылмаған»,-деп айтатындардың сүрінетін жері: «намаз» және «оқу» сөздерін таба алмауында?!
Біріншіден: «намаз» араб сөзі емес. Дерек көздеріне назар салсақ, ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде «намаз» сөзінің алғашқы тегі санскриттен (көне индустардың әдеби тілінен) екені анықталады. Санскритте «намо»: тізе бүгу, еңкею, иілу. «Намо» түбіріне парсы тілінде «з» дыбысы қосылып, «бас ию, құлшылық, құрмет ету» мағынасына дейін өзгерген. Анығы Алла Тағалаға мәлім!
Екіншіден: араб тілінде «намаз оқуды» «إِقَامَةُ الصَّلاَةِ» (иқоматус-соләһ) деп айтады. Мұндағы«إِقَامَة» (иқома) сөзінің мағынасы: «тұрғызу, құру, орындау».
Не себепті Құранда намазды оқуға қатысты «إِقَامَة» (иқома) сөзі қолданылады? Себебі «إِقَامَة»(иқома) сөзі намазды талап-шарттарын толық-кәміл орындау талабына ишара етеді. Ал намаздың талап-шарттары тек құлақ қағу, тік тұру, рукуғ, сәждеге бару, Құран аяттары мен намаз дұғаларын оқумен шектелмейді. Бұл айтылған намаздың фиғли, яғни сыртқы әрекеттік көрінісі. Сонымен қатар намаздың ішкі, яғни рухани талаптары бар. Ол: ықылас, ыждағаттылық, хушуғ, яғни Алла Тағалаға бойсұнған халде тұру, сауаптан үміт, тозақтан қорқу т.с.с. Намазды осы екі талапқа, яғни фиғли және рухани талаптарына сай орындаған пенде намазын орындаған болады! Бірақ «намаз оқитындар көп, бірақ орындаушылар аз» демекші, өкінішке орай намазымыз «орындау» емес, жай «оқу» болып жатқан жағдайымыз бар!
Алла Тағала адамзатқа бағыштаған соңғы жолдауы араб тілінде болуы бекер емес! Араб тілі өте мазмұнды тіл! Айтар болсақ, бір сөз 20-30 мағынаны білдіруі мүмкін. Сондықтан әлемде Құранның мағынасын толық-қанды ашып беретін бірде-бір аударма жоқ! Осыны түсінген дін ғалымдары Құран аяттарының мағынасын жеткізуде тафсирлерге (Құран түсіндірмелеріне) сүйенеді. Құрандағы намаз мәселесі де бұдан тыс емес!
Ал енді намазға қатысты Құран аяттарына келер болсақ, Алла Тағала айтады:
وَأَقِيمُوا الصَّلاَةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَارْكَعُوا مَعَ الرَّاكِعِينَ
«Намазды орындаңдар! Зекет беріңдер! Рукуғ еткендермен бірге рукуғ етіңдер!» («Бақара» сүресі, 43 аят)
قُل لِّعِبَادِيَ الَّذِينَ آمَنُوا يُقِيمُوا الصَّلَاةَ
«Уа, Мұхаммед! Иман келтірген пенделеріме айт! Олар намаз оқысын». («Ибраһим» сүресі, 31 аят)
إِنَّنِي أَنَا اللَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدْنِي وَأَقِمِ الصَّلَاةَ لِذِكْرِي
«Ақиқатында, Мен – Алламын. Менен өзге тәңір жоқ. Тек Маған құлшылық етіңдер және Мені зікір ету үшін намаз оқыңдар». («Таһа» сүресі, 14 аят)
وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا
«Үй ішіңдегілерді намаз оқуға бұйыр, өзің де намаз өтеуде табанды бол!» («Таһа» сүресі, 132 аят)
وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ
«Намазды орындаңдар! Зекет беріңдер! Расулға итағат етіңдер! Сонда Алла Тағаланың рахметіне бөленерсіңдер!» («Нұр» сүресі, 56 аят)
Демек, Құранда намаздың парыздығы жайында айтылған. Жоғарыда айтылған аяттар бұл мәселеде соқырға таяқ ұстатқандай! Осымен келісесіз бе?!
Үшінші мәселе: бес уақыт намазға қатысты Құран аяттары.
Мәселеге кіріспе ретінде айтып кететін жайт! Намаз оқу намаздың уақыты кірумен тығыз байланысты. Яғни, әрбір намаздың өз уақыты бар. Сондықтан әрбір парыз намаз өз уақытында оқылуы (орындалуы) тиіс. Міне, осы, яғни намаздардың уақыты мәселесі: «Құранда бес уақыт намаз жайында айтылмаған»,-деп айтатындардың сүрінетін екінші орны! Бұлар Құраннан: «Фәжр намазы, зуһр намазы, аср намазы, мағриб және иша1 намаздары»,-деген сөзді іздесе керек! Ал Құранда бес уақыт намаз өз атауымен емес, оқылатын уақыты арқылы көрсетілген!
Бірінші дәлел: Алла Тағала «Ниса» сүресінің 103-ші аятында былай деді:
إِنَّ الصَّلاَةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَاباً مَّوْقُوتاً
«Расында мүминдерге намазды белгілі уақытта орындау парыз етілді».
Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу): «Яғни, намаз парыз етілді»,-десе, оның бұл сөзін Мужәһид, Муқатил, Әс-Судди т.б. мақұдаған.2
Ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу): «Қажылықтың белгілі уақыты болғандай, намаздың да белгілі уақыты бар»,-деді.3
Демек, әр намаздың өз уақыты бар, әрі бұл аят өзіне бес уақыт намазды қамтып тұр.
Екінші дәлел: Алла Тағала «Исра» сүресінің 78-ші аятында былай деді:
أَقِمِ الصَّلاَةَ لِدُلُوكِ الشَّمْسِ إِلَى غَسَقِ اللَّيْلِ وَقُرْآنَ الْفَجْرِ إِنَّ قُرْآنَ الْفَجْرِ كَانَ مَشْهُوداً
«Түс ауғаннан түн қараңғылығы үйірілгенге дейін намаз оқы және таң намазын оқы! Рас, (періштелер де) таң намазына қатысады».
Бұл аяттағы «لِدُلُوكِ الشَّمْسِ» сөзі «түс ауғаннан», ал «إِلَى غَسَقِ اللَّيْلِ» сөзі «түн қараңғылығы үйірілгенге дейін». Осы аралыққа песін (зуһр), аср (аср), ақшам және құптан (мағриб, иша) намаздары кіреді. Ал «وَقُرْآنَ الْفَجْرِ» – таң (фәжр) намазына қатысты.4
Үшінші дәлел: Алла Тағала «Һуд» сүресінің 114-ші аятында былай деді:
وَأَقِمِ الصَّلاَةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ وَزُلَفاً مِّنَ اللَّيْلِ
«Күндіздің екі тарапында (таң мен екінті), түннің күндізге таяу кездерінде намаз (ақшам мен құптан) оқы!»
Бұл аяттағы «وَأَقِمِ الصَّلاَةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ» сөзі «күндіздің екі тарапында намаз оқы». Яғни, тәуліктің бір мезгілінде таң (фәжр), песін (зуһр) және аср намаздарын оқы. Ал «وَزُلَفاً مِّنَ اللَّيْلِ» сөзі «түннің күндізге таяу кезінде намаз оқы». Яғни, ақшам және құптан намаздарын оқы. Бұл сөзді Мужәһид (родиял-лаһу ғанһу) айтты. Сонымен қатар Муқатил (родиял-лаһу ғанһу): «Таң және песін намаздары – бір тарап, аср және ақшам намаздары – бір тарап. Ал түннің күндізге таяу кез – құптан (иша) намазы»,-деді.5
Төртінші дәлел: Алла Тағала «Бақара» сүресінің 238-ші аятында былай деді:
حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى
«Намаздарды, әсіресе орта намазды өз уақытында оқыңдар».
Бұл – аяттың мағнауи аудармасы. Бұл аяттағы «وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى» (ортаңғы намаз) сөзіне қатысты ғалымдар түрлі пікір айтқан. Дегенмен, олардың басым көпшілігі Әли, Абдулла ибн Масғуд, Әбу Әйюб, Әбу Һурайра, Айша анамыз, Ибраһим Нахағи және Хасан Басридің (родиял-лаһу ғанһум) риуаяттарына сүйеніп «ортаңғы намазды» «аср намазы» деген.6
Тұжырым: дін – біреудің жеке ойына сүйеніп ойына келгенін айтатын дүние емес.
Әрбір нәрсеге дәлел іздейтіндер бар. Бұл әрине дұрыс, егер… Егер сана болса! Өйткені дәлел: саналы адамның үлесіндегі нәрсе. Яғни, адам саналы болса, дәлел ол үшін пайдалы болары сөзсіз. Бірақ сана болмаса, қанша дәлел келтірсең де, одан не пайда?! Жоғарыда өте қарапайым тәсілмен, соқырға таяқ ұстатқандай, дәлел ретінде Құрандағы бес уақыт намазға қатысты аяттарды келтірдік. Шәк жоқ, саналы адам сол дәлелді түсініп-ұғынары сөзсіз. Сана болмаса, онда сол дәлелдерді түсіне алмаған өзінен көрсін!
Жалпы, діни тұрғыдан дәлел екі түрлі: нақли және ақли.
Нақли дәлел: Құранда, хадис-сүннет. Нақли дәлелдерді қабылдауға мысал ретінде сахабалардың (родиял-лаһу ғанһу) иманын келтірсе болады. Олар Құран Алла Тағаланың сөзі екеніне, Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Хақ Тағаланың ақиқат елшісі екеніне ешбір дәлел талап етпеді, нық сенді.
Ақли дәлел: қисынды, логикалық дәлел. Мысалы, 2+2=4. Оның дәлелі: 1+1+1+1=4, 3+1=4, 2 х 2=4 т.с.с.
Біреуге нақли дәлел жеткілікті болса, біреуге ақли дәлелдің өзі жеткіліксіз болып жатады. Барлығы Алла Тағала нәсіп еткен һидаятына және сана деңгейіне байланысты. Жоғарыда Құранда бес уақыт намазға қатысты нақли7 және ақли8 дәлелдерді келтірдік. Пенде иманды болса, оған нақли дәлелдің өзі жеткілікті, саналы болса, ақли дәлелді қабылдайды, ал сана болмаса, ең қарапайым дәлел де пайда бермейді!
Абдуссамад Махат.
1 Фәжр, зуһр, аср, мағриб, иша: бес уақыт намаздың арабша атауы.
2 مختصر تفسير ابن كثير
3 مختصر تفسير ابن كثير
4 الوجيز في تفسير الكتاب العزيز للواحدي
5 تفسير البغوي
6 تفسير البغوي
7 Құран аяттарын.
8 Ғалымдардың сөзін.