Ұлттық құрылтайдан жеткен ақжарма жаңалықтың бірі, әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабының табылуы. Құрылтайдағы жиын соңында Президент ел рухын көтеретін осы бір жақсы жаңалықпен бөлісті. Мемлекет басшысының айтуынша, Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған. Ол қазақ жанашырлары мен меценаттарының көмегімен елге қайтарылып алынған. Бұл — еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға.
—Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік, — деген Президенттің сөзі ерекше сезім беріп, рухымызды күшейтті.
Құран жақында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табысталады, қалпына келтіріледі, сосын оны Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын, — деді құрылтайда Мемлекет басшысы.
Енді жәдігердің елге оралуы үшін ұрпақ алдындағы жауапкершілік, табандылық пен ұлтжандылық қасиетті терең сезінуге тиіспіз.
