Бүгін Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат әл-Жинди Болатбек Құндақбаев, Бақытхан Аблазимов бастаған бір топ ақсақалды қабылдады. «Білім-Қазына» қорының ұйымдастыруымен болған келелі кездесудің негізгі мақсаты Нұр-Мүбарак университетіне қолдау көрсету. Ақсақалдар ректор Мұхаммад аш-Шаххат мырзаға сонау Мысыр елінен келіп, қазақ даласын имандылықтың нәрімен сусындатып, ислам ғылымының дамуына ат салысып жатқан ғалымдар үшін алғысын жаудырып, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Сондай-ақ Каир қаласындағы күрделі жөндеуден кейін жаңадан ашылған «әз-Заһир Бейбарыс» мешітінің салтанатты рәсімі жайлы сөз етіп, өзара құттықтау білдірді. Себебі бұл қос мемлекеттің ежелгі достығы мен бауырластығының көне жәдігері екені айтылды.
Ал жаңа дәуірдің жаңа жәдігеріне айналған Нұр-Мүбарак университетіне қолдау ретінде «Магистраль-S» жауапкершілігі шектелулі серіктестігінің атқарушы директоры Алдашев Хасен Серікбайұлы «AISAFI» тұрғын үй кешенінен бір пәтерді сыйға тартты. Қайырымдылық көрсеткен жомарт жандарға «Білім-Қазына» қоғамдық қорының президенті Сейдмұхаммед Абдунаим мырза қор тарапынан ризалығын білдіріп, бұл жомарттық жаңа ғимарат құрылысын ғана емес, болашақ ұрпақтың имандылығы мен өркениеті үшін қолдау екенін атап өтті.
Ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат қазақта осындай жомарт жандар тұрғанда жаңа ғимараттың өз деңгейінде салынатындығына кәміл сенетінін айта келе: «Ғылымның ұрпақ тәрбиесінде орны бөлек. Мысыр елінің өзге мемлекеттерді емес, Орта Азиядағы Қазақстанды таңдауы қазақ халқына деген зор құрметі. Бұл байланыс мәңгілікке жалғасады деген сенімдемін»,-деп қайырымды қонақтарға кітаптарын сыйға тартты.







