Қазақ даласынан шыққан көрнекті ғұлама-ғалым Хусамуддин әс-Сығнақидың 800 жылдық мерейтойына орай өткен «Ислам өркениеті кеңістігіндегі Хусамуддин әс-Сығнақи мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ғұламаның тағы бір жаңа еңбегінің тұсауы кесілді.
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор, профессор Мұхаммад аш-Шахат әл-Жиндиді өзінің құттықтау сөзінде бұл шараның маңыздылығын тоқталып: «Ғұламалар – пайғамбарлардың мұрагерлері» деген хадисті негізге ала отырып, Қазақ елінің Ислам ғұламаларына көніл бөлуі – ізгіліктің нышаны. Бұл мерейтой Мауәренахр елдерінің ішіндегі Қазақ елінен шыққан ғұламаларымыз бен ойшылдарымыздың ұлттық ерекшелігі мен Ислам өркениетіне қосқан үлестерін айқын баяндауымен ерекше», – деді.
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры, PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев ғұлама-ғалымның тағы бір жаңа еңбегінің жарық көргендігін сүйіншіледі.
«Күллі ислам мәдениетіне ортақ тұлға, ғалым, ойшыл Хусамуддин әс-Сығнақидың 800 жылдық мерейтойына арналған бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның университетімізді аталып өтуі де тегін емес. Ғалым бабамыздың есімін ұлықтап, еңбектерін зерттеу оқу орнымызда көптен бері қолға алынып келеді. Осы орайда сүйінші жаңалығымызбен де бөлісе кетуді жөн санап отырмыз. Нұр-Мүбарак университеті Хусамуддин әс-Сығнақидың «Ән-Нажаху әт-тәли тилуа әл-марах» атты араб тілінің морфология ғылымына арналған кітабын аударып шықты. Қазақ даласынан шыққан ғұлама-ғалымның бұл еңбегі араб және қазақ тілдерінде тұңғыш рет жарық көріп отыр», – деді Қайрат Құрманбаев.
Осы орайда айта кетсек, халықаралық конференцияда Мысыр Араб Республикасы Президентінің Ислам істері жөніндегі кеңесшісі, әл-Азһар университетінің профессоры, шейх Усама әс-Саид Махмуд Мұхаммед әл-Азхари, Мысыр Араб Республикасының Уақып вице-министрі Махмуд Абдулхалек Абдулхалек әл-Фархани, сонымен қатар халықаралық Ислам ұйымдарының өкілдері баяндама жасап, ғұлама бабамыз жайлы тың деректерді бөлісті.