Бүгін Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде қазақ даласынан шыққан көрнекті ғұлама-ғалым Хусамуддин әс-Сығнақидың 800 жылдық мерейтойына орай «Ислам өркениеті кеңістігіндегі Хусамуддин әс-Сығнақи мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Мысыр, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдері ғұламаларының басын қосқан жиынның шымылдығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Қыдырәлі Дархан Қуандықұлының құттықтау хатымен ашылды.

Министрдің құттықтауын ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті төрағасы Нүкежанов Ержан Болатқанұлы жеткізді. Құттықтау хатта: «Соңғы жылдары Хусамуддин әс-Сығанақидың еңбектері аударылып, докторлық ғылыми-зерттеулер жасалынып, монографиялар шығып жатқанынан хабардармыз. Атап айтқанда университет проректоры Қайрат Құрманбаев мырзаның «Хусамуддин әс-Сығанақи еңбектеріндегі «Усул әл-фикһ» ілімінің лингвистикалық негіздері тақырыбына докторлық диссертация жазғаны белгілі. Университеттің бұл саладағы қызметіне де ризашылығымызды білдіреміз», – делінген.

Конференцияға Мысыр Араб Республикасының Уақыфтар министрі Мұхтар Жұма да құттықтау хатын жолдады. Хатта ғұламамыздың ғибратты ғұмырынан сыр шертіліп, шараның маңыздылығынан сөз етілген. «Хусамуддин әс-Сағнақи артында тәлімгерлердің білім нәрімен сусындап, зерттеушілер мен ғалымдардың назарынан тыс қалмайтын таза қайнар бұлақ боп табылатын ғылыми мұра қалдырды. Халықтың дамуы ғұламаларының игі істері мен ғылымын жемісті пайдалануына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда ғұламаларымыздың мұрасынан сусындатқызатын мұндай конференция өз алдына ерекше», – делінген хатта.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хусамуддин әс-Сығнақидың мұрасы мен ғибратты ғұмырына тоқтала келіп: «Студенттерімізді діни рухани кеңістігіміздегі бүгінгі күннің түйткілді діни терең сұрақтарға тұщымды, бұлтартпас дәлелдермен жауап беру үшін осы салада жазылған әс-Сығнақи еңбектеріне терең бойлап, ғылым игеруге шақырамын. Өйткені ғұламаның бұл саладағы еңбектері еліміздегі Әбу Ханифа фиқһ мектебін және Матуриди ақида мектебін зерттеуде, оқытып-үйретуде құнды ғылыми әдебиеттердің бірі саналады», – деді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *